2018 жылдың көктемі біздің университетіміздің өмірінде аса маңызды оқиғаларға толы болды.
11-13 сәуірде КИМЭП Университеті FIBAA аккредиттеу агенттігінен (Халықаралық бизнес басқаруды аккредиттеу қоры, Германия) академиялық сапа бойынша бірнеше сарапшыларды қабылдап, университеттің барлық білім беру бағдарламаларының сапасына сараптама жүргізілді.
Германдық сарапшылардан кейін ізінше, яғни 25-27 сәуірде біздің университетімізге БСҚА – Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігінен сыртқы сараптау комиссиясы келді. Оның құрамына Нидерланды Аккредиттеу агенттігінен, Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университеті және аккредиттеу бойынша поляк комитетінің халықаралық сарапшылары, сонымен қатар Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен, Қазақ ұлттық аграрлық университетінен және Астана қаласындағы Кәсіпкерлер Палатасынан ұлттық сарапшылар енді. Олар жалпы алғанда университеттің, яғни институционалдық деңгейдегі көрсеткіштеріне талдау жасады.
Университетке жоғары білім беру саласындағы шетелдік және отандық сарапшылар тарапынан мұндай қызығушылық неліктен туындап отыр? Аккредиттеу не үшін керек? Ол университеттің әрі қарай даму жоспарына қалай ықпал етпек? КИМЭП Университеті аккредиттеу рәсімі неліктен нақ осы агенттіктер арқылы өтеді?
Ресми тілде білім беру ұйымдарын аккредиттеу – университеттің білім беру қызметінің, қабылданған стандартқа сәйкестігін анықтап, шынайы ақпарат алу және жұмысты жетілдірудің тиімді тетіктерін анықтау мақсатымен жүргізілетін рәсім.
Қарапайым тілмен айтқанда, аккредиттеу – бұл білім беру бағдарламаларының, ғылыми зерттеулердің, білім беру инфрақұрылымының, студенттердің және бүкіл университет қоғамдастығының, түлектердің жұмысқа орналасуының, қаржылық тұрақтылығының және т.б. сапасының көрсеткіші.
Құрылымы бойынша аккредиттеу университетті аккредиттеуді көздейтін институционалдық және жекелеген білім беру бағдарламаларын (мамандықтарды) аккредиттеуге бағытталған мамандандырылған аккредиттеу болып бөлінеді.
Егер дәлірек айтсақ, аккредиттеу – бұл университеттің өзін-өзі реттеу, қызметін мерзімдік бағалау үлгісі, барлық буындардың жұмыс сапасын жақсарту тетігі.
Әлеуметтік құбылыс ретіндегі аккредиттеудің тарихы ұзақ. Оның отаны – АҚШ, мұнда 130 жылдан аса уақыт бұрын университеттерді, колледждер мен мектептерді аккредиттеу басталған. Жоғары оқу орындарын аккредиттеудің бірыңғай дүниежүзілік жүйесі жоқ, алайда аккредиттеу агенттіктерінің аймақтық желілері таралған – Сапаны қамтамасыз етудің еуропалық желісі (European Network for Quality Assurance (ENQA), Азия-Тынық мұхиттық желісі (Asian-Pacific Network (APQN), Арабтық желісі (Arab Network- ANQAHE) және т.б.
Әдетте, шетелдерде аккредиттеу жөніндегі куәліктің болуына ерекше мән беріледі. Еуропада, егер университет аккредиттеуден өтпесе, онда ол білімдік қызметті жүргізу, студенттерді оқыту құқығынан айырылады.
Жоғары оқу орындарына аккредиттеу не үшін керек? Бүгінгі таңда Қазақстанда аккредиттеу жөніндегі куәліктің болуы ЖОО-лардың мемлекеттік үлгідегі диплом беруіне мүмкіндік береді. Қоғам, әсіресе, ата-аналар мен жұмыс берушілер міндетті түрде мемлекеттік үлгідегі дипломның болуына үйренген, өйткені еңбек нарығында нақ мемлекеттік үлгідегі диплом құндылыққа ие болған. Бәлкім, жақын арада қазақстандық университеттерге үлкен академиялық еркіндік пен даму траекториясын өз бетінше таңдауға өту контексінде өзіндік үлгідегі дипломдарды беру құқығы ұсынылатын болар. Бірақ бұл мүлдем басқа мәселе…
ЖОО-ның аккредиттеу жөніндегі куәлігінің болуы талапкерлердің таңдау жасауы үшін де маңызды, өйткені олар қандай университетті таңдау керек; аккредитациясы жоқ немесе қайта-аккредиттеуден өтпеген ЖОО-ға түсуі керек пе, жоқ па- деген сұрақтармен кездесіп жатады. Әрине, әңгіме мамандықты байыпты түрде таңдау мен оқу сапасы туралы болса, онда аккредиттеуден өтпеген ЖОО-ға барудың қажеті жоқ сияқты. Әдетте, талапкерлер назар аударатын университеттердің рейтингісімен салыстырғанда, аккредитация – сол немесе басқа университеттің оқу сапасының аса маңызды дәлелі екенін атап өткім келеді.
Егер студент шетелге оқуын жалғастыру үшін баратын болса немесе онда жұмысқа орналасуды жоспарлаған болса, онда оған қазақстандық дипломды нострификациялау рәсімінен өткізуіне тура келеді. Бұл жағдайда өзі оқыған жоғары оқу орнының аккредиттеу жөніндегі куәлігі бар болуы өте маңызы.
Біздің университетіміздің аккредиттеу агенттіктерін таңдауы кездейсоқ емес. БСҚА Қазақстандағы аккредиттеудің алғашқы кәсіби тәуелсіз агенттігі болып табылады. Бұл агенттік – білім беру сапасындағы кепілдіктің бірқатар халықаралық желісінің белсенді мүшесі.
FIBAA (Халықаралық бизнес басқаруды аккредиттеу қоры, Германия) жетекші шетелдік аккредиттеу агенттіктерінің қатарына кіреді және халықаралық танымалдыққа ие. Екі аккредиттеу агенттігі – БСҚА және FIBAA – Жоғары білім беруде сапаны қамтамасыздандыру еуропалық қауымдастығының (ENQA) мүшесі болып табылады және Еуропалық аккредиттеу агенттіктері тіркелімімен (EQAR) танымалдыққа ие болған. Бұл тіркелім еуропалық білім беру министрлерінің шешімі бойынша құрылған және оған еуропалық академиялық қоғамдастықтың сенімін туғызған агенттіктер кіреді.
EQAR баламасы бойынша Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанында Ұлттық тізім құрылған. Тек осы тізімге кірген аккредиттеу ұйымдарының ғана Қазақстанда ЖОО-ларды аккредиттеу құқығы бар. Көрсетілген екі агенттікті қазақстандық ұлттық тізімен табуға болады.
Аккредиттеу процесі ұзақ процесс екендігін атап өтуіміз қажет. Біздің университетіміз 2017 жылғы қазан айынан бастап, яғни 7 ай бойы аккредиттеу процесінен өтті. Алдымен БСҚА-мен шарт жасалып, содан кейін өзін-өзі бағалау туралы Есеп дайындалды. Есепте университеттің миссиясы, стратегиялық даму жоспары, ЖОО менеджменті, даярлық мамандықтары, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігі, материалдық-техникалық және ақпараттық база, жұмыс берушілермен әріптестік, олардың түлектер туралы пікірлері; түлектерді жұмысқа орналастыру туралы мәліметтер және т.б. көрініс тапқан.
Өзін-өзі бағалау туралы Есепті профессор-оқытушылар құрамы (ПОҚ) және әкімшілік қызметкерлер командасы дайындады. Олар аталмыш есеп үшін ақпаратты жинау үшін орасан зор жұмыс атқарды.
Өзін-өзі бағалау туралы Есеппен танысқаннан кейін, БСҚА агенттігі сарапшылар командасын жіберді, олардың міндеті есепте берілген ақпараттың шынайылығын тексеруден, ең бастысы, университеттің жұмысын әрі қарай жақсарту бойынша ұсыныстар беруден тұрды.
Сарапшылар академиялық бағдарламаларды, өндірістік практика базасын, университеттің материалдық-техникалық және ақпараттық базасын зерттеуге көп назар аударды. БСҚА сарапшылары сабақтарға қатысты, сондай-ақ университет басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен, жұмыс берушілермен және түлектермен, Директорлар Кеңесінің мүшелерімен кездесті. Құқық мектебі жанындағы Заң клиникасына, Бэнг атындағы бизнес факультеті жанындағы Кәсіпкерлік және инновация орталығында, Медиа зертханасында, Әлеуметтік ғылымдар факультеті жанындағы Орталық азиялық Оқу орталығында болып, жұмыс берушілермен – KPMG Audit LLC, Алматыдағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдігімен кездесулер өткізді.
Сапар аяқталған кезде БСҚА сараптау тобы есеп дайындады. Осы есептің негізінде 2018 жылғы 11 маусымда БСҚА агенттігінің аккредиттеу кеңесі келесі шешімді қабылдады: КИМЭП Университетін бес жыл мерзімге аккредиттеу.
2018 жылдың 6 шілдесінде FIBAA агенттігінің аккредиттеу комитеті КИМЭП Университетінің барлық 25 бағдарламасын белгілі шарт аясында бес жыл мерзімге аккредиттеу туралы шешім қабылдады.
Акредиттеуге дайындық студенттердің, профессор-оқытушылар құрамының, әкімшілік бөлімдердің, басшылықтың үлкен ұжымдық рухын айқындап, біздің университетімізге деген сүйіспеншілігіміз бен бірегей ынтымақтастығымызды, адалдығымызды дәлелдеп берді.